Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920)
Алатаудай ақыныңнан
Айырылды қазақ
Қанатыңнан
қайырылдың қазақ
(М.Жұмабайұлы)
Өмірі мен жазушылық
қызметі. С.Торайғыров 1893 жылдың 28 қазан күні
бұрынғы Көкшетау облысы, Қызылтау ауданында
дүниеге келіп, 1920 жылдың 21 мамырында Павлодар облысы; Баянауыл
ауданында қайтыс болған. Ол ғасыр басындағы
ағартушы-демократ ақындардың ең ірі өкілі.
Торайғыр - арғы аталарының аты. Әкесі Шоқпыт
(Әбубәкір) өз еңбегімен күнін көрген шаруа
адамы. С.Торайғыров алғаш әкесінен азды-көпті сауат
ашып, 13 жасында молдадан оқи бастайды. Осы кезде өлең жаза
бастайды. 1911 жылы Троицкіден жаңаша білім алып келген
Нұрғалимен кездесу Сұлтанмахмұт өміріне
айтарлықтай өзгеріс әкелді. Жадит рухындағы
мұғалім Нұрғали ғылым-білім
жаңалықтарынан едәуір хабардар болған,
өмірдің жалпы бағытын дұрыс түсіне білген еді.
Талантты ақын осы кезде дін иелерінің негізгі мақсатын,
өнер-білімнің мән-маңызын түсініп, осы
тақырыпта да өлең жаза бастайды. 1912 жылы күзде
Троицкіге келіп, Яушев медресесіне түседі, бір жылдай оқыған
соң көз, өкпе ауруының зардабынан оқудан
шығып қалады, сөйтіп арасында оқу іздейді. Қала
маңындағы елде бала оқытып, күз қалаға
қайта келеді. Ақындық өнеріне шындап ден қоя
бастаған Сұлтанмахмұт 1912-1913 жылдары "Оқып
жүрген жастарға", "Талиптарға",
"Шәкірттерге", "Оқуда мақсат не?",
"Анау-мынау", "Жарлау", "Досыма хат",
"Шығамын тірі болсам адам болып", "Түсімде",
"Шәкірт ойы" т.б. өлеңдерін. "Зарландым",
"Өлең ән айтушылар", «Ауырмай есімнен
жаңылғаным", "Қазақ тіліндегі
өлең кітаптары жайында" т.б.
әңгіме,мақалалар жазды.
1913-14 жылдың
қысында "Айқап" журналында хатшы болып істеп,
өзінің қоғамдық-саяси көзқарасын
өсіреді. Журнал бетінде өлең мақалаларын жариялап,
ақын-жазушы деңгейіне көтеріледі, ақындық сенімі
артып болашақ өмірін сол жолға бағыттай түседі.
1914 жылдың көктемінде "Айқаптан" кетіп, өзі
жаңа журнал ашпақ болады, бірақ бұл ойы сәтсіз
аяқталады. Осы жазда Баянауылға келіп, "Шоң
серіктігі" атты ағартушылық ұйым ашып, өзі
сияқты өнер іздеген жастардың оқуына қаражат
жимақ болады, бұған да сәтсіздік кездесіп, өз
ойын жүзеге асыра алмайды. Осы тұста «Ендігі беталыс», "Бір
адамға", "Туған еліме", "Сымбатты
сұлуға", "Қыз сүю",
"Өмірімнің уәдесі", "Жан
қалқам", "Гүл" т.б. өлеңдерін
жазып, "Қамар сұлу" романын аяқтайды. Серіктіктен
көңілі қалған Сұлтанмахмұт Семейге келеді,
бірақ мұнда айдан артық тұра алмай, күн
көріс үшін Алтайға кетеді.
1915 жылдың наурызында
Зайсанға келіп, Шамсуддиновтың үйінде екі ай тұрып
"Кім жазықты" романын жазады. Осы жылдың жазынан
Тарбағатайдағы Терісайрық болысы, Ұласты ауылында бала оқытады.
1916 жылдың күзінде Семейге оқуға келеді, бірақ
оқу басталып кеткендіктен Томск жаққа сапар шегеді.
Денсаулықтың нашарлауына байланысты 1916 жылы қара
жұмыстан босап, Томскіде курста оқиды, аштық пен
жалаңаштыққа шыдап, ауырғанына қарамастан
оқудан қол үзбейді, өз бетімен ізденіп оқып,
білімін көтереді.
1917 жылдың наурызында
Семейге келіп облыстық комитетке жұмысқа орналасады.
Сұлтанмахмұт бірер жыл Семейдегі "Абай" журналының
ісіне қатысып, денсаулығы нашарлаған ақын 1918 жылы
еліне біржолата оралады. Алайда оқып білсем, үйренсем деген
мақсатынан бір сәт қол үзбей,
саяси-қоғамдық, әлеуметтік әдебиеттерді көп
оқиды. "Неге жасаймын", "Соғыстың кесірі"
т.б. өлдеңдерін жазды, "Кедей", "Адасқан
өмір" поэмаларын жазып аяқтады. Аңсаған арманына
жете алмаған ақын, денсаулығы күрт нашарлап 1920
жылдың 21 мамырында 27 жасында мәңгіге көз
жұмады.
Ұлт-азаттық
және төңкеріс заманында өмір сүрген ақын
адамгершілік алдында өз арын адал, жоғары ұстады. Ол
қоғамдық өмір мұқтаж боп отырған мәселелерді
өзіне тән өткірлікпен жырлады. Өнер-білімге шақыру, оның
адам, қоғам, халық үшін пайдалылығын насихаттау
біздің әдебиетімізде өткен ғасырда-ақ берік орын
алып, оның идеялық-көркемдік, бағыт-бағдарын
белгілейді. Ақын осы тақырыпты жаңа дәуірдегі
мүлдем жаңашыл үнмен, дәуірдің азаттық
рухына тән өрлікпен, оптимизммен жырлады. Оның
лирикалық геройы "тағдыр салды мен көндім" дейтін
ескі ауылдық енжар, еңсесі түскен адамы емес, жаңа
ғасырдың жаңа адамы, өз бақыты үшін
өзі ізденетін және іздегенін табарына сенімі мол,
қимылдың, әрекетің адамы, сондықтан да ол: "тағдыр
қылды деулерді шығарамын сөзімнен", - дейді. Оның:
"Жеткізбей кетер жүйрік жоқ, кусаң бәрін
саламыз" деуі күші мен құдіретіне нық
сенімнің нәтижесі, айқын көрінісі.
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың лирикасы
С.Торайғыров сыршыл-лирик
ақын. Оның өлең-жырларының басым көпшілігі
лирика болып келеді. Ақын өзінің өлеңдерін
қайнаған қанның, қиналған жанның,
толғанған көңілдің - жүректің сыры
етіп жазады: яғни ол өзінің дүние, қоғамда,
тұрмыс-тіршілікте сезген түйгенінің, көрген
білгенінің, алған әсерін, өзінің ішкі
дүниесін, жан-сыры, өмір суретіне толы, алуан тақырыпты
жаңалыққа толы жүзден аса саяси-реалистік
лирикалық өлеңдер бар. Солардың бәрі де
қоғам ойын толқытқан өткір мәселелерге
құралып, үлкен жүрек, үлкен пафоспен
жазылған.
Сол сипатына қарап оларды
азаматтық өмір жыры дейміз. Ақын өз
шығармаларында өмір қайшылықтарын, әлеумет
теңсіздігін, озбырлықты сынады, ескіліктен құтылу жолын
көрсетті. Елді азаттыққа, прогреске атой салып шақырды.
Бұл өлеңдер өмір суреті ғана емес, өмір
оқулығы, алға бастаудың ұраны еді. ХХ ғасыр
басындағы көптеген көрнекті ақындар Абайдан
үйренді. Абайдың ізі, үлгісі мен лириканың барлық
жанрында жазды. Соның бірі С.Торайғыров - өлеңдерінде
саяси лирика да, көңіл-күй лирикасы да бар.
С.Торайғыровтың саяси
лирикаға жататын өлеңдері - "Оқып жүрген
жастарға", "Оқудағы мақсат не?",
"Анау-мынау", "Зарлау", "Бір адамға",
"Шәкірт ойы" т.б. ақын өлеңдерінде
көбнесе саяси-әлеметтік мәселелерді сыр етіп, өз халі,
өз арманы, өз мұңы, өз қуанышы етіп айтады.
Ол тіпті арнаулы саяси лирикасында ғана емес, табиғат, махаббат,
көңіл-күй жөніндегі лирикалық
өлеңдерінде де сөзін әлеумет өміріне, саяси
мәселеге қарай бұра береді.
Мысалы, "Жазғы
қайғы" өлеңінде жазды келістіріп суреттеп келіп,
қазақ елінің отырықшы болып, қала сала
алмағанын, соның салдарынан жерінен айырылып, мәдениеттен
кенже қалғанын айтады. Осы сияқты
"Гүләйім" өлеңінде өзінің
ғашықтығын білдірумен қатар, қазақ
қыздарының бас еркі жоқ екенін, әйел бостандығы
мәселесін сөз етеді.
С.Торайғыровтың
лирикалық геройы ХХ ғасыр басында қазақ
әдебиетінің ұнамды геройы табылады. Лирикалық геройы
арқылы ол жеке өз басының ғана емес,
халықтың жаңа адам туралы арман тілегін, адамгершілік
мұраттарын шебер бейнелейді. Осы ретте оның "Шығамын
тірі болсам адам болып", "Өмірімнің уәдесі",
Шәкірт ойы" т.б. өлеңдері жеке бір адамның
ұғым түсінігі, серт-сенімі емес, ақын ауызымен
айтылатын жаңа дәуір адамының, жас
ұрпақтың, оның әдебиеттегі бейнесі ұнамды
геройдың сөзі, алдына қойған түбегейлі
мақсат-міндеті, ол үлкен мақсат жолындағы батыл да
қажырлы жан. Осы бейне ақын өлеңдерінде уақытпен
бірге өсіп, есейіп отырады. Бірте-бірте тұрмысқа
"Құлдық ұрып жалынбайтын",
"Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп
шығып күн болам, қараңғылықтың
көгіне, күн болмағанда кім болам" - дегенге дейін
көтеріледі. Ақынның ұнамда геройы, лирикалық
кейіпкері "Кім болам" мәселесіне мейлінше патетикалық (көтеріңкі
көңіл) жауап береді. Оның бар мақсаты елдің жылуы
мен жарығын күн сияқты тигізу, өзге
ұсақ-түйекпен алдану оның ұғымында жоқ.
Сол себептен де ол: "Менде жоқ қажу деген, ашу деген,
тарығып болымсызға тасу деген" - дейді. Бұл
геройдың өмірді өзгерту күшіне сенімі соншалық
алдында алынбас қамал, жеңілмес жау бар деп ойламайды, "Ден
сау болса тағдырдың көкке
ұшырам ",- деген геройдың қажыр-қайраты
орнымен жұмсалса, жетер жеңісі мол болмақ.
Сонымен, Сұлтанмахмұт
лирик, көбінесе саяси лирика жанрында жазған ақын, оның
лирикасы идеялы терең мағына болып келеді. Бұл -
Сұлтанмахмұттың өзіне тән ақындық
өзгешелігі, өзіне тән әдеби стилі.